Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелік рухта атап өтті
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелік рухта атап өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 37-мекемесі қызметкерлері "Достық үйінде" бас қосып, бірлік пен ынтымақты дәріптеген дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шараны ҚАЖД мекемесі бастығының орынбасары Ернияз Жеңіс ашып, бұл мерекенің ел болашағы мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ерекше маңызын атап өтті. Ол бірлік – әр қазақстандықтың жүрегіндегі басты құндылық екенін жеткізді.
Жиын барысында ҚАЖД ардагері Жалғас Есмаханов сөз алып, өзінің қызметтік жолындағы түрлі этнос өкілдерімен бірге атқарған ортақ еңбегін тебірене еске алды. Ардагер ұлттар арасындағы өзара құрмет пен түсіністіктің қызмет барысындағы тиімділікті арттыратынын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар "Қоғамдық келісім" мекемесі директорының орынбасары Дәурен Омаров облыстағы этносаралық қатынастардың жай-күйі, түрлі этномәдени орталықтардың атқарып жатқан жұмыстары туралы кеңінен баяндап, бейбітшілік пен татулықты сақтауда қоғамдық келісімнің рөліне тоқталды.
Іс-шара соңында 37-мекеме мен "Қоғамдық келісім" мекемесі арасындағы нәтижелі әріптестіктің маңызы ерекше атап өтіліп, мекеме директоры Бақытжан Камаловтың атынан бөлім басшысы Шахизат Исабайқызы мен Гүлзира Сәрсенбекқызына алғысхаттар табысталды.
Бұл басқосу – ұлтаралық татулықты нығайтуға бағытталған ортақ күш-жігердің айқын көрінісі болды.