Қызылорда облысы ПД бастығы Арал ауданының тұрғындарын қабылдады
Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Арал ауданының тұрғындарын қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс әкімі Арал ауданына жұмыс сапары барысында құқық қорғау органдарының басшыларымен бірлесіп, аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Шара аясында Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешовтің жеке қабылдауына бірқатар жергілікті тұрғындар жазылды.
Азаматтар өз арыз-шағымдарын тікелей бетпе-бет жеткізіп, түрлі себептермен туындаған жеке мәселелері бойынша көмек пен құқықтық кеңес алды. Қабылдауға келген тұрғындар жол қауіпсіздігі, жекелеген қылмыстық істердің барысы, сондай-ақ кадрлық мәселелер бойынша өтініштерін білдірді.
Серік Ергешов әрбір тұрғынның мәселесіне жеке тоқталып, ашық әрі нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде кейбір өтініштер сол жерде шешімін тапса, қалғандары бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Барлық өтініштер полиция департаменті бастығының жеке бақылауына алынды.
Іссапар соңында полиция департаментінің бастығы Арал аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесіп, бөлімнің жұмысымен танысты. Сондай-ақ ғимараттың жағдайын, материалдық-техникалық жарақтандырылуын тексеріп шықты.
