Қызылорда облысы ПД бастығының бірінші орынбасары мектеп оқушыларымен кездесті
Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары 100-ден астам мектептің оқушысына дәріс оқыды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев мектеп оқушыларымен кездесіп, қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіп тақырыбында дәріс оқыды. Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінде өткен кездесуге полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және Киберпол басқармаларының қызметкерлері, сонымен қатар есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңестің, “Аманат” партиясы жанындағы “Жастар Рухы” ЖҚ, “Қызылорда еріктілер” қоғамдық қорының мүшелері, Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов қатысты.
Полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткізілген бүгінгі шараның ерекшелігі облыстың 100-ден астам мектебі онлайн форматта қосылды.
Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған өзекті міндеттердің бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер арасында қылмысты азайту, есірткі, лудомания, буллинг пен кибербуллингке қарсы іс-қимыл. Бүгінгі шара барысында осы өзекті тақырыптар төңірегінде сөз қозғалды.
Полиция полковнигі Серік Әбдімәуленұлы жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстылық пен құқық бұзушылық, оның алдын алу тақырыбына кеңінен тоқталып, құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қолданылатынын ескертті. Жасөспірімдерді қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға, бос уақыттарында пайдалы істермен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес берді. Сондай-ақ ұлттың бүгіні мен ертеңінің негізі саналатын балалардың жарқын болашағының бастауы – олардың қауіпсіздігі екендігін атап өтті.
Мектеп оқушылары полиция полковнигі С.Тоқтыбаевтың дәрісін қызыға тыңдап, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.