Қызылорда облысы ПД бастығының орынбасары аудандарға жұмыс сапарымен барды
Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев Серік Шиелі және Жаңақорған аудандарына жұмыс сапарымен барды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Сапар барысында Серік Әбдімәуленұлы мектепке дейінгі және орта білім алу ұйымдарының директорлары, олардың орынбасарларымен, ата-аналар, білім саласының ардагерлері, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі, ата-аналар комитетінің төрағалары, ата-аналар академиясының құрамы, “Әкелер” мен “Аналар” мектебінің жетекшілерімен кездесті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары, прокуратура және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында департамент бастығының бірінші орынбасары жас ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Буллинг, суицид, киберқылмыс және олардың жасөспірімдерге әсерлі тақырыптары да ерекше назарға алынды. Ішімдік пен темекі өнімдерінің зиянды тұстары түсіндіріліп, интернеттен келетін қауіптің түрі де айтылды. Осы тұста Серік Әбдімәуленұлы жасөспірімдердің адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін зиянды нәрселерден аулақ болуға шақырды. С.Тоқтыбаев ата-аналар сақтық шараларын күшейтіп, бала тәрбиесіне ерекше назар аудару қажеттігін де басып айтты.
Бұдан бөлек, бүгінгі кездесу барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері қозғалып, заң талаптары кеңінен түсіндіріліп, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстық іс-әрекеттердің алдын-алу жолдары ұсынылды. Сондай-ақ құқық бұзған жасөспірімдерге қолданылатын шаралар және жазалар туралы мағлұмат берілді.
Жалпы бүгінгі еркін форматта өткен кездесу барысында қатысушылар өзекті мәселелерді қозғап, ойларын ортаға салды.