Қызылорда облысы ПД бастығының орынбасары жеке құрамның отбасымен кездесті
Қызылорда облысы ПД бастығының орынбасары жеке құрамның отбасымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Дәурен Ибраев жүйелі түрде жұмыс сапарымен аудандарға шығып, жеке құрам қызметкерлерінің ата-аналары және әйелдерімен кездесті.
Мұндағы мақсат – теріс қылыққа бой алдыруға үйір полиция қызметкерлерінің жақындарымен кездесіп, олқылықтың алдын алуды бірге талқылау.
Полицияның беделі мен мәртебесін көтеру бағытында Дәурен Ибраев бастамасымен өткізілген жиында маңызды мәселелер қозғалды.
Дәурен Ибраевтың айтуынша, департамент пен әрбір полиция қызметкерінің отбасының өзара бірлескен жұмысы үлкен нәтижеге жетелейді.
Тұрақты түрде ұйымдастырылатын жиындар барысында әлеуметтік кепілдіктер, оның ішінде қызметкерлердің кезекті еңбек демалыстарына уақытылы шығуы, арнайы атақтарын, шендерін уақытылы иеленуі, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі сынды мәселелер де қозғалды.
Сондай-ақ, кездесу барысында біреудің қателігі – біреуге сабақ болсын деген мақсатта полиция қызметкерлерінің ата-аналары мен жұбайларының назарына тәрбиелік сарындағы ролик көрсетілді.
– Өз қатарымызды тазарту қағидасына сүйене отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, тәртіп пен заңдылықты сақтау ерекше бақылауымызда екендігін атап өткім келеді. Ел сенімін шырақ қылған полицейлер өз міндеттерін сапалы орындауды басты мақсат деп білсе, полицияның беделі мен мерейі өсері анық, – дейді Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Д.Ибраев.