Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында 150-ден астам ҚАЖ қызметкері марапатталды

Қызылордада ҚАЖ қызметкерлері күні салтанатты түрде аталып өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

13 желтоқсан – Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің күніне орай Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті Достық үйінде салтанатты іс-шара өткізді. Мерекелік жиынға департамент басшылығы, сала ардагерлері, сондай-ақ басқа да құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Жиында Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Зиябеков сөз сөйлеп, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Өз құттықтауында ол қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін қызмет екенін атап өтіп, қызметтік міндеттерін адал әрі абыроймен атқарып жүрген қызметкерлерге алғысын білдірді. Сондай-ақ сала ардагерлерінің тәжірибесі мен өнегелі еңбегі жас мамандар үшін үлгі екенін айтып, оларға ерекше ризашылығын жеткізді. Қызметкерлердің отбасыларына амандық, ал ел тыныштығы жолындағы еңбектеріне толағай табыс тіледі.

Мерекелік шара барысында ҚАЖ ардагерлері ұйымының төрағасы Талғат Шәкіұлы да құттықтау лебізін білдіріп, әріптестеріне жылы тілегін арнады.

Салтанатты жиын аясында қызметтік міндеттерін үлгілі атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген 150-ден астам қызметкер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, ҚАЖ комитеті және Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бұйрықтарымен марапатталды. Сонымен қатар Қызылорда облысы прокурорының және ҚАЖ ардагерлері ұйымының алғысхаттары табысталды.

Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру