Қызылорда облысында әйел полицейлер Макаров тапаншасынан оқ атудан сайысқа түсті
Қызылорда облысы полиция департаментінің әйел қызметкерлері Макаров тапаншасынан оқ атудан сайысқа түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының кубогына арналған құқық қорғау органдарының әйел қызметкерлері арасында Макаров тапаншасынан атудан жарыс өткізілді.
Қызметкерлер арасында қызметтік-қолданбалы спортты, оның ішінде қызметтік қарудан атуды және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен сайыс департаменттің оқу-жаттығу полигонының спорт кешеніндегі ату тирінде өтті.
ПД Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасымен және "Динамо" дене-шынықтыру спорт қоғамының Қызылорда облыстық филиалымен бірлесіп ұйымдастырылған жарысқа 14 команда қатысты.
Айта кетерлігі, бұл доданың бас жүлдесіне Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының арнайы кубогы тігілді.
Қырағылықты, дәлдік пен ептілікті қажет ететін жарыста үздік мергендер анықталды. Сынға түскен арулар өздерінің бар шеберліктерін ортаға салды.
Ең жақсы дайындықты полиция департаменті жергілікті полиция қзыметі басқармасының қызметкерлерінен құралған команда, оның ішінде Замира Сайғондыққызы және Гүлжан Ильясова көрсетті. Екінші жалпы командалық орынды Қызылорда қаласы полиция басқармасының ақпараттандыру және байланыс бөлімінің қызметкерлері Қазына Қуанышбек және Ұлболсын Мустапаева жеңіп алса, үшінші орынды Қызылорда қаласы полиция басқармасының ювеналды полиция инспекторлары Айгүл Рсымова мен Мәншүк Саменова иеленді.
Жарыста жекелей сынға түскен қыздар арасында І орынды Қызылорда қаласы полиция басқармасының қабылдау-тарату орнының инспекторы Тұрымбетова Шынар жеңіп алды. ІІ орынға Қызылорда қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Айым Сагнадинова және инспектор-кезекші Зура Шотаева ІІІ орынға ие болды.