Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында айыппұл төлемеген борышкерлердің көліктері айып алаңына қойылды

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұркен Бақтияров қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Брифинг барысында облыс аумағында өтіп жатқан "Борышкер" жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижелері мен мопедтерді тіркеуге қатысты талаптар түсіндірілді.

Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бұйрығына сәйкес, наурыз айының 17-21 күндері аралығында Қызылорда қаласы полиция басқармасы мен аудандық полиция бөлімдерінің сыртқы қызметтері әкімшілік айыппұлдарды өндіру мақсатында "Борышкер" жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізді. Нәтижесінде облыс көлемінде барлығы 3 782 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 54 827 388 теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

• Арнайы техникалық құралдар арқылы анықталған 1 745 құқық бұзушылық бойынша 23 млн 804 мың 328 теңге өндірілді.

• Қала және аудандық полиция бөлімшелері әкімшілік айыппұл төлеуден жалтарып жүрген 72 автокөлікті айып тұрағына қойды.

• Айыппұлдарды өз еркімен төлеу мерзімі өткендіктен, 1 521 684 теңгені құрайтын 68 әкімшілік қаулы құқық бұзушылардың жұмыс орындарына жолданды.

• Жеке сот орындаушылар палатасына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін 21 469 480 теңгені құрайтын 861 әкімшілік қаулы жіберілді. Оның ішінде 40 әкімшілік қаулы бойынша 983 мың теңге мемлекет пайдасына өндірілді.

Сонымен қатар патрульдік полиция батальоны, әкімшілік полиция басқармасы және аумақтық жеке сот орындаушылардың бірлесуімен мобильді топтар құрылды. "Ekin Patrol" мобильді кешенінің көмегімен қала аумағында 207 автокөлік тексеріліп, оның ішінде 51 автокөлікке қатысты жалпы сомасы 3 533 163 теңге айыппұл өндірілді.

Жалпы, есепті кезеңде облыс көлемінде құқық бұзушыларға салынған 767 460 теңге айыппұлдың 573 513 теңгесі өндірілді. Қазіргі таңда әкімшілік айыппұлдардың толық өндірілуі департаменттің Әкімшілік полиция басқармасының күнделікті бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Осыған байланысты Қызылорда облысының полиция департаменті тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және айыппұл салынған жағдайда оны заңмен белгіленген мерзімде төлеуге шақырады.

Мопедтерді тіркеу тәртібі

2024 жылдың қазан айында Президент мопедтерді пайдалану тәртібін реттейтін жаңа заңға қол қойған болатын. Бұрын тек 50 км/сағ жылдамдықтан асатын мопедтер ғана тіркелуге жатса, 2024 жылдың қаңтарынан бастап барлық мопедті тіркеу міндеттелді. Яғни қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын, электр қозғалтқышы бар және 50 км/сағ жылдамдықтан төмен қозғалатын мопедтер де тіркеуге жатады.

2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтерді басқару үшін келесі талаптар орындалуы тиіс:

• Мопед полицияда тіркеуден өткен болуы керек.

• Көлік иесінде A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігі болуы қажет.

• Мопед техникалық тексеруден өткен болуы тиіс.

• Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру талап етіледі.

Мопедтерді тіркеу үшін 10 күн ғана уақыт қалды. 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедті басқаруға тыйым салынады. Мұндай құқық бұзушылық ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

Қазіргі уақытта Қызылорда облысы бойынша 185 мопед тіркелген.

Мопедті тіркеу үшін қажетті құжаттар:

• Жеке басты куәландыратын құжат.

• Техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер.

• Өтініш толтырып, мопедті тексеруден өткізу.

• Мемлекеттік нөмір мен көлік құралын тіркеу куәлігін алу үшін 11 403 теңге мемлекеттік баж салығын төлеу қажет.

Полиция мопед иелерін алдын ала тіркеуден өтуге және жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға автокөлік мектептерінде оқып, тиісті санаттағы куәлікті алуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру