Қызылорда облысында алаяқтық қылмысына күдікті әйел ұсталды
Қызылорда облысында алаяқтық қылмысына күдікті әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері тұрғындарға бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырғанына қарамастан, қала тұрғындары алаяқтардың арбауына көптеп түсіп жатыр. Салдарынан алаяқтар тұрғындарды жұмысқа орналасуға, қайтарымсыз несие алып беруге, пәтер сатып алуға, жүргізуші куәлігін және тағы да басқа осы сияқты уәделерін үйіп-төгіп, ақшаларын жымқырып, қаншама адамдарды сан соқтыруда.
Мәселен, 10 қазан күні Қызылорда қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне қала тұрғыны келіп арызданған. Арызданушының айтуынша, қыркүйек айында белгісіз азаматша қала аудандарының бірінде пәтер алуға көмектесемін деп сенімге кіріп, екі миллион теңге қаражатын алып, осы күнге дейін түрлі жалған ақпарат беріп, алдап келген.
Басқарманың криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде бұрын сотты болған 32 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.