Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында "Анаға тағзым" орталығында сотталған әйелдерге арналған шара өтті

Қызылорда облысында "Анаға тағзым" орталығында сотталған әйелдерге арналған шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамға қайта бейімделіп, өз орнын табуға ұмтылған жандарға қолдау көрсету мақсатында ҚАЖ департаментінің 37 мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйелдерге арнайы кездесу ұйымдастырылды. Олар "Анаға тағзым" орталығының жұмысымен танысып, рухани әрі тәрбиелік маңызы зор шараға қатысты.

Іс-шара барысында ұлттық құндылықтардың, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлердің тәрбиелік мәні кеңінен сөз болды. "Ана тілі" клубының жетекшісі Әділбек Тәңіберген қатысушыларға тағылымды дәріс оқып, ұлттық болмыстың сақталуының маңыздылығын түсіндірді. Ал психолог Ақшарбат Бақытжанқызы "Қиындықтағы күш – сабыр мен сенімде" тақырыбында тренинг өткізіп, әйелдерге ішкі күйзелістен арылу, агрессияны жеңу және ренішті кешіру жолдарын тәжірибе жүзінде үйретті. Топтық жаттығулар олардың өз-өзіне сенім артуына, сабыр мен шыдамдылықты бойына сіңіруіне ықпал етті.

Кездесуден алған әсерін бір қатысушы былай жеткізді:

- Иә, біз қателік жасадық. Бірақ бұл – өмірдің соңғы нүктесі емес. Осындай шаралар бізге жаңа көзқарас сыйлайды. Психологтың әрбір сөзі жүрегімізге жетті. Ең бастысы – кешірім сұрап, алға ұмтылуға болатынын сезіндік. Ертеңгі күнге деген үмітіміз оянды, – деді ол.

Бұл кездесу әйелдерге рухани демеу беріп қана қоймай, олардың қоғамға қайта оралуына деген сенімін күшейтті. Мұндай игі бастамалар сотталғандардың түзелуіне жол ашып, болашақта елге пайдасын тигізетін азамат болып оралуына серпін бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру