Қызылорда облысында аса ауыр қылмыс кәсіби тергеу нәтижесінде ашылды
Қызылорда облысы полиция департаментінің Шиелі аудандық полиция бөлімінің тергеушісі кәсіби біліктілігі мен табандылығының арқасында бір жылдан астам уақыт бойы ашылмай келген аса ауыр қылмысты әшкереледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2024 жылғы ақпан айында Шиелі кентіндегі тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, оқиға орнынан әйел адамның мәйіті табылған болатын. Алғашқы тексеру барысында өрттің абайсызда шығуы мүмкін деген болжам жасалды. Алайда сот-медициналық сараптама марқұмның өрт басталғанға дейін қайтыс болғанын анықтағанымен, өлімнің нақты себебі сол сәтте белгісіз күйінде қалды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, ұзақ уақыт бойы жедел-тергеу шаралары жүргізілді. Істің беті тек биыл мамыр айында ашыла бастады. Сол кезде Шиелі кентінде тұрғын үйге заңсыз кіру арқылы жасалған қарақшылық шабуыл дерегі тіркеліп, бұл іс полиция капитаны Жеңсікбаев Шындәулет Оразбекұлына тапсырылды.
Жаңа іс бойынша ұсталған күдіктінің бұған дейін де жалғызбасты әйелдерге қатысты тонау, зорлау сияқты ауыр қылмыстар жасағаны анықталды. Тергеу барысында жиналған деректер мен дәлелдемелер бұл күдіктінің бір жыл бұрын болған өрт оқиғасына да тікелей қатысы бар екенін көрсетті.
Такси қызметін пайдалану деректері, куәгерлердің жауаптары, сондай-ақ жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері күдіктінің кінәсін толық дәлелдеді. Бұлтартпас айғақтардан кейін ол марқұмның үйіне заңсыз кіріп, күш қолданып, алтын бұйымдарын алып кеткенін және қылмыстың ізін жасыру мақсатында үйді өртегенін мойындады.
2025 жылы сот үкімімен күдікті 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Елді алаңдатқан бұл істің ашылуы – полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен жүйелі жұмысының айқын көрінісі.
Марқұмның қызы қылмыстың ақ-қарасын ажыратып, кінәліні анықтауда қажырлы еңбек еткен тергеушіге алғыс білдірді. Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы С.Ергешовтің атына жолданған алғыс хатта:
- Істі тергеген полиция майоры Шындәулет Жеңсікбаевтың ұзақ уақытқа созылған күрделі тергеу ісіндегі тегеурінді еңбегі жоғары бағаға әбден лайық. Заң мен ардың таразысын тең ұстап, істі жан-жақты әрі мұқият тергей білді. Кәсіби шеберлігі мен батылдығы қылмыскерді әшкерелеуге септігін тигізді, – деп атап көрсетілген.
Тергеушінің басты қағидаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау. Әрбір қылмыстық істің артында адам тағдыры тұрғанын терең сезініп, ақиқат жолынан таймай қызмет ету – кез келгеннің қолынан келе бермейтін жауапты міндет.
Шындәулет Жеңсікбаев 1990 жылғы 4 қыркүйекте Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ақмая ауылында дүниеге келген. Полиция қызметкері болу арманы мектеп қабырғасынан басталған ол әскер қатарында Өскемен қаласындағы №5518 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеген. 2011 жылы ҚР ІІМ-нің М.Бөгенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына оқуға түсіп, оқуын аяқтаған соң Шиелі аудандық полиция бөлімінде жедел уәкіл болып еңбек жолын бастады.
Бүгінде қызметіне адалдықты өмірлік ұстанымына айналдырған тергеуші жұбайы Маржанмен бірге үш бала тәрбиелеп отыр. Тынымсыз еңбегі мен кәсіби шеберлігінің арқасында ол ұжым арасында зор абыройға ие, қызметтік борышын адал атқарып келе жатқан білікті маман.
