Қызылорда облысында ата-анасының көлігін түнде айдап кеткен кішкентай баланың әкесі жауапқа тартылды
Қызылорда облысында ата-анасының көлігін түнде айдап кеткен кішкентай баланың әкесі жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Арал ауданында полиция қызметкерлері патрульдеу барысында аудан көшелерінің бірінде түнгі уақытта Toyota Land Cruiser автокөлігін басқарған 6 жасар баланы анықтады. Полицейлер дер кезінде әрекет етіп, жол-көлік оқиғасының алдын алды. Тексеру барысында автокөлік оның әкесіне тиесілі екені анықталды.
Кәмелетке толмағанның заңды өкіліне балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың заңды өкілінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін ата – анасына қатысты әкімшілік хаттамалар ресімделді.
Жинақталған құжаттар сотқа жолданып, іс сотта қаралды. Сот шешімімен ата-анасына әкімшілік айыппұл салынды. Полиция қызметкерлері ата-анасымен және баласымен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар қазіргі таңда республика көлемінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған "Назар аударыңыз, балалар!" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Полиция қызметкерлері балаларыңыздың қауіпсіздігіне бейжай қарамау керектігін ескертеді. Кәмелетке толмағандардың көлік құралдарын басқаруына жол бермеңіздер. Балаларыңыздың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, олардың әрбір әрекетін жіті қадағалаңыздар.
