Қызылорда облысында боранды күні жоғалған бақташы табылды
Қызылорда облысында боранды күні жоғалған бақташы табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысының полицейлері шаруа қожалығының жоғалып кеткен бақташысын іздеп тапты.
7 қаңтар күні түнгі уақытта Қызылорда облысы ПД Жалағаш ауданы полиция бөліміне 64 жастағы бақташының жоғалғандығы туралы хабар түсті. Таңғы уақытта мал бағуға шыққан бақташы қайта оралмаған. Бақташы Жалағаш ауданы Жаңадария ауылынан батысқа қарай шамамен 20 шақырым жерде Құмжарған деп аталатын жер учаскесінде орналасқан мекемеге тиесілі мал шаруашылық фазендасында мал баққан. Жайылымдық жерден уақытында оралмаған бақташыны қожалықтың басқа қызметкерлері өз күшімен іздеген. Алайда нәтиже болмағандықтан полицияға жүгінуге тура келген.
Аталған дерек Жалағаш аудандық полиция бөліміне тіркеліп, адам жоғалу дерегі бойынша қажетті шаралар жүргізілді. Полицейлер, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен еріктілерден арнайы топ құрылып, жоғалған бақташыны іздестіру жұмыстары жүргізілді. Ауданның барлық ауылы, далалық жолдар түгел қамтылды. Іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды. Жоғалған бақташы түнгі 02:00 шамасында аман-есен табылды.
Қожалық иесі полиция бөлімі мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне әлеуметтік желілер арқылы өз алғыстарын білдірді.
– Мен өзімнің және отбасымның атынан сіздерге шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіз ерекше рөл атқарды. Полиция департаментінің, төтенше жағдайлар департаментінің және басқа да ұйымдардың үйлесімді жұмысының арқасында қиын жағдай сәтті шешімін тапты. Сондай-ақ осы жұмысты ұйымдастырып, басшылық жасаған учаскелік полиция қызметкерлеріне ерекше алғыс айтамын. Сіздердің қызметкерлеріңіз ауа райының қолайсыздығына қарамастан, үлкен жауапкершілік пен табандылықты көрсетті. Сіздер адамдардың өмірін құтқарып, қиын сәттерде қолдау көрсетесіздер. Бұл – құрметке лайық іс. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және алдағы еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деген жазба қалдырды қожалық иесі.
Полиция қызметкерлері аймақ тұрғындарынан дауылды ескерту жарияланған уақытта алыс сапарға шықпауларын сұрайды. Шаруа қожалықтарының жұмысшылары қыстаулар мен жайылымдардан алыс кетпеуге тырысуы қажет.