Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында егіз полицейлер қызмет етеді

Қызылорда облысында егіз полицейлер қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Арал ауданының полиция бөлімінде егіздер қызмет атқарады. Егіздер жұптары жазылмай бір саланы таңдаған.

Полиция капитаны Байқазақ Сағиев осы бөлімшенің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторы, ал сыңары полиция аға лейтенанты Әліби Аралбаев бөлімнің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік инспекторы лауазымында қызмет атқарып келеді.

Полиция аға лейтенанты Әліби Аралбаев қолы қалт еткенде шығармашылықпен айналысып, өнер жағынан өзінің шығарған жүрек жарды жыр шумақтарымен бөлімнің қоғамдық жұмыстарына қатысып, белсенділік танытады. Ал сыңары Байқазақ Сағиев бос уақытында түрлі музыкалық аспаптарда ойнағанды жақсы көреді.

Полиция капитаны Б.Сағиев нәтижелі жұмыстарының арқасында мақтаулы маман атанды. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінде 2021 жыл қорытындысымен кәсіби қасиеттерін, дене даярлығын, сондай-ақ халықтың пікірін тексеру жөніндегі комиссиямен таңдалған бірқатар үздік учаскелік полиция инспекторларының слеті өткізілді.

Барлық қатысушылар грамоталар мен “Үздік учаскелік инспекторы” төсбелгісімен марапатталды. Слетке қатысушылар арасында полиция капитаны Байқазақ Сағиев те бар. Адамға көмектесу – оның өмірлік ұстанымы мен басты борышы.

Егіздер аудандағы қоғамдық тәртіпті сақтау мен қамтамасыз етуге қызмет етіп жүрген жас мамандар. 29 жастағы жігіттердің бір салада жұмыс істеп жүргеніне біріне бес жыл, екіншісіне сегіз жыл болды. Екеуі де қызметтерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге ие болғаны үшін бірнеше рет Қызылорда ОПД-нің бөлім бастығының, аудан әкімінің грамотасы және алғыс хатымен марапатталған.

– Екеуміз де кішкентай кезімізде форма киген полиция қызметкерлеріне қызығатын едік, бір уақытта шаңырақ көтеріп, ата-анамызды қуанттық. Әкеміз Аралбай Сағиев және анамыз Қазына Абдуллаева медицина саласында қызмет атқарып, абыройлы зейнетке шықты. Қатарымыздан кем қылмай өсіріп, оқытты. Ата-анамызға деген алғысымыз шексіз, – дейді полиция капитаны Байқазақ Сағиев

Егіздер бұл саланы таңдағандарына ешқашан өкінген емес. Әріптестері де оларды адал қызметкер ретінде құрмет тұтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру