Қызылорда облысында екі ауылға бірдей қызмет көрсететін жаңа учаскелік полиция пункті ашылды
Қызылорда облысының Жалағаш ауданында қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды нысан - учаскелік полиция пункті пайдалануға берілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа полиция пункті Жаңадария және Аламесек ауылдық округтеріне ортақ болып, екі елді мекеннің тұрғындарына бірдей қызмет көрсетеді.

Аталған бастама құқық бұзушылықтардың алдын алуға, полиция қызметінің қолжетімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарының тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған нақты әрі тиімді қадам болып табылады.
1939 жылы құрылған Аламесек ауылдық округі аудан орталығынан шалғай орналасқан. Жаңадария ауылынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенде бүгінде 1 888 тұрғын өмір сүреді. Мұнда 32 шаруа қожалығы мен 109 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Халықтың негізгі кәсібі — егін және мал шаруашылығы. Ауылда бір орта мектеп пен ауылдық емхана тұрғындарға қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта ауылдық округ аумағында 9 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Айта кетерлігі, ауылдағы орта мектепте "Жас сақшы" сыныбы ашылып, арнайы жабдықталған кабинетке осы өңірдің тумасы, ішкі істер саласында адал қызмет етіп, қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан Кеңесбек Әбішевтің есімі берілген.
1963 жылы құрылған Жаңадария ауылдық округі де аудан орталығынан ең алыс орналасқан елді мекендердің бірі саналады. Мұнда 551 адам тұрады. Елді мекенде 23 шаруа қожалығы мен 21 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 4 бейнебақылау камерасы орнатылып, оларды Жедел басқару орталығына қосу жұмыстары жүргізілуде.

№14 учаскелік полиция пункті Жаңадария ауылындағы Бөлебай би көшесінде орналасқан. Ғимарат заманауи талаптарға сай арнайы техникамен және қажетті жиһаздармен толық жабдықталып, интернет желісіне қосылған. Жалпы аумағы 90,3 шаршы метрді құрайтын нысанда 4 қызметтік кабинет бар. Екі ауылдық округке учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Нұрболат Сыдықұлы қызмет көрсетеді. Ол ішкі істер органдарында 2009 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Жаңа учаскелік полиция пунктінің ашылуы тұрғындарға құқықтық көмекті жедел көрсетуге, қоғамдық тәртіп пен заңдылықты нығайтуға, сондай-ақ ауыл өмірінің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Учаскелік полиция пунктінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қызылорда облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ердәулет Жаукеев бұл бастаманың ауыл тұрғындарының тыныштығын қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталды.
Оның айтуынша, "Жұртқа жақын полиция" қағидатын қалыптастыру және Мемлекет басшысы жариялаған "Таза Қазақстан" акциясын жүзеге асыру аясында учаскелік полиция пункттері халықпен тығыз байланыс орнатуға, тұрғындарға дер кезінде көмек көрсетуге, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жедел әрекет етуге және профилактикалық жұмыстарды тиімді жүргізуге үлкен мүмкіндік береді.
— Жұмысын бастағалы отырған учаскелік полиция пункті осы елді мекендердегі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етеді деп сенеміз. Барлық игі бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — деді Е.Жаукеев.
Екі ауылдық округке бірдей қызмет көрсететін жаңа учаскелік полиция пункті алдағы уақытта өңірдегі қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты сақтаудың сенімді тірегіне айналмақ.
