Қызылорда облысында есептегі 19 сотталған кәсіппен айналысады
Қызылорда облысында пробация қызметінің қолдауымен есепте тұрған сотталған азаматтар жеке кәсібін ашып, еңбекке араласа бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл – ҚАЖ департаменті мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара ынтымақтастық нәтижесінде жүзеге асып жатқан оң бастамалардың бірі.
Бүгінде пробация қызметтерінің есебінде тұрған бірқатар азаматтар мемлекеттік бағдарламалар арқылы қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсіп ашып жатыр. Сырдария аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған екі азамат қазіргі таңда жеке кәсіппен айналысып, мал шаруашылығын дамытып отыр. Аталған азаматтар мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын несие алып, мал басын көбейтуді қолға алған. Қазіргі таңда олар ірі қара және қой шаруашылығымен айналысып, отбасын асырап қана қоймай, табыс көзін де тұрақтандырған.
– Қателігімізден сабақ алып, енді заңды жолмен еңбек етіп, адал кәсіппен айналысудамыз. Пробация қызметкерлері құжат жинауға, бағыт беруге көмектесті. Қазір мал басын көбейтіп, өз ісімізді кеңейту жоспарда бар, – дейді пробация есебіндегі азаматтың бірі.
Сырдария аудандық пробация қызметі бұл бағыттағы қолдауды алдағы уақытта да жалғастырып, есепте тұрған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасауды көздеп отыр.
Қазіргі таңда облыс бойынша 14 сотталған мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсібін дөңгелетуде.