Қызылорда облысында есептегі сотталған азаматтар ҚАЖД қызметкерлеріне алғыс білдірді
Қызылорда облыысында есептегі сотталған азаматтар ҚАЖД қызметкерлеріне алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында пробация есебінде тұрған азаматтар пробация қызметі қызметкерлеріне көрсеткен қолдаулары мен жан-жақты көмектері үшін алғыстарын білдірді. Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіндегі азаматтардың бірі қалалық пробация инспекторы Боранбай Қайратқа ризашылығын жеткізді.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі есептегі азаматтарға Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 16 шілдеде қабылданған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңы аясында кең көлемде түсіндіру және орындау жұмыстарын жүргізді.
Аталған заң талаптарына сәйкес, есептегі азаматтың жаза өтеу мерзімі қайта сараланып, сот шешімімен негізгі жазадан босатылды. Осыған байланысты есептегі азамат пробация қызметінің кәсіби әрі жауапты жұмысына алғысын білдірді.
Сонымен қатар Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебіндегі тағы бір азамат та инспекторларға ризашылығын жеткізді. Аталған азаматқа пробация қызметінің ықпалымен медициналық, психологиялық және бір реттік қаржылай көмек көрсетілді. Бұл қолдаулар азаматтың қоғамға қайта бейімделуіне және өмірін жаңа бағытта жалғастыруына оң әсерін тигізді.
Пробация қызметінің негізгі мақсаты – есептегі азаматтарды құқықтық тұрғыда қолдап, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және қайта қылмысқа бармауына жағдай жасау. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беріп, азаматтардың алғысына ие болуда.
