Қызылорда облысында есірткі сатумен айналысқан күдікті анықталды
Қызылорда облысында есірткі сатумен айналысқан күдікті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының "Бүркіт" арнайы жасағы қызметкерлерімен бірлесіп, облыстық прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Шиелі ауданының 42 жастағы тұрғыны марихуана есірткі затын сату кезінде ұсталды.

Күдіктінің тұрғылықты мекенжайына жүргізілген тінту барысында 2 полиэтилен қаптамасына салынған 6 қағаз қиындысына оралған, сондай-ақ 300-ден астам сіріңке қорабына салынған жалпы салмағы 800 грамнан аса өзіне тән ерекше иісі бар кептірілген шөп тектес заттар табылып, заттай дәлелдеме ретінде алынды.
Сонымен қатар үйдің жатын бөлмесінен тіркеуде жоқ 1 аңшы мылтығы және 21 гильза тәркіленді.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
