Қызылорда облысында ІІО ардагерлері күні салтанатты түрде аталып өтті
Қызылорда облысында ІІО ардагерлері күні салтанатты түрде аталып өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 қараша – өмірін қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнаған ішкі істер органдары ардагерлеріне еңбегіне құрмет білдіретін ерекше күн. Аталған күн өткен жылы ресми түрде бекітілген.

Осыған орай Қызылорда облысы полиция департаментінде кездесу өтті. Шараға жеке құрам, ішкі істер органдарының ардагерлері мен департамент басшылығы қатысты. Кездесуде департамент бастығы Серік Ергешов ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау жолындағы еңбектерін ерекше атап өтті.
Сіздердің бай тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз біз үшін аса маңызды. Жас қызметкерлерге үлгі болып келесіздер. Еңбектеріңізге алғысымыз шексіз, — деді Серік Ергешов.
Салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов пен департамент басшылығының атынан ардагерлерге алғыс хаттар табысталды. Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Бердібекұлы Шаймағамбетов сөз алып, көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, әріптестерін мерекемен құттықтады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жас мамандардың елге адал қызмет ету рухын көтеруге ықпал етеді. Кеш соңы ардагерлерге арналған концерттік бағдарламаға ұласты.

