Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында «Киік» ЖПІШ аясында 74 құқық бұзушылық анықталды

Қызылорда облысында «Киік» ЖПІШ аясында 74 құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысында табиғатты қорғау мақсатында желтоқсанның 1-31 аралығында «Киік» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде. Аталған шараның басты мақсаты – табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтарды, браконьерлікті, сондай-ақ биологиялық ресурстардың заңсыз айналымын анықтау және алдын алу.

Жиырма бір күн ішінде табиғат қорғау заңнамасын бұзу бойынша 74 құқықбұзушылық дерегі тіркелді. Оның ішінде 5 қылмыстық және 69 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Әкімшілік құқықбұзушылықтар негізінен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 382-бабына (Жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу) сәйкес тіркелді.

Сонымен қатар заңсыз қару-жарақ иемдену, сақтау немесе тасымалдау бойынша 2 дерек, заңсыз аңшылық бойынша 2 дерек және жануарлардың сирек кездесетін дериваттарын заңсыз айналымға салудың 1 дерегі анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Кең даланың киесі саналатын киіктерді аяусыз ату әрекеттері әлі де тыйылар емес. Сирек кездесетін, жойылудың аз-ақ алдында тұрған бұл жануарларды браконьерлер өз пайдасы үшін аяусыз қырып, заңды елемеуде.

Жуырда ғана Сыр өңірінде тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. 17 желтоқсан күні Қызылорда облысы полиция департаментінің Жалағаш аудандық полиция бөлімі мен «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның бірлескен жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде 48 жастағы жергілікті тұрғынның автокөлігінен 27 киіктің өлі денесі табылды. Бұл оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Киіктер – табиғаттың баға жетпес байлығы, ұлттық мұрамыздың бір бөлігі. Оларды қорғау – әр азаматтың міндеті. Осы бағыттағы күрес қатаң бақылауда жалғасын таппақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру