Қызылорда облысында мас жүргізуші ЖКО жасады
Қызылорда облысында мас жүргізуші ЖКО жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
26 қараша күні Жаңақорған ауданы көшелерінің бірінде 37 жастағы жүргізуші Volkswagen көлігін алкогольдік масаң күйде басқарып, жол-көлік оқиғасын жасаған. Құжаттарын тексеру барысында мас жүргізушінің 2019 жылы 29 қазанда ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бес жылға сот шешімімен куәлігінен айырылғаны анықталды.
Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жүргізушінің «орта дәрежелі» алкогольдік масаң күйде болғаны белгілі болды. Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалып, автокөлік айып алаңына қойылды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабының 2-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Сол күні түнгі сағат 01:55 шамасында Қызылорда қаласында да Ваз 2107 автокөлігін тоқтату барысында жүргізуші алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқарғаны анықталды.
Соттың 2019 жылдың қараша айындағы қаулысына сәйкес, жүргізуші үш жылға автокөлікті жүргізу құқығынан айырылғандығы белгілі болды.
Аталған дерек бойынша да ҚР Қылмыстық Кодексінің 346-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Автокөлік қазіргі уақытта айыппұл алаңында. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сондай-ақ Қызылорда облысында демалыс күндері барлығы алты мас жүргізуші ұсталып, қамауға алынды.