Қызылорда облысында мас жүргізушілер азаймай тұр
Қызылорда облысында мас жүргізушілер азаймай тұр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Шиелі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жұмыс атқару барысында сағат 08:45 шамасында Шиелі кентінің орталық көшелерінің бірінде жеңіл көлік жүргізушісінің ішімдік ішіп, рөлге отырғандығын анықтады.
Жүргізуші сол жерден аудандық наркология орталығына жеткізіліп, медициналық тексеруден өткізілді. Көлік айып тұраққа қойылған.
Медициналық куәландырудың қорытындысымен көлік жүргізушісінде мастықтың орта дәрежесі екені анықталып, оған қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасы рәсімделіп, жинақталған құжаттар аудандық сотқа жолданды.