Қызылорда облысында мыңға жуық адамға пробациялық бақылау белгіленген
Қызылорда облысында мыңға жуық адамға пробациялық бақылау белгіленген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметтерінің есебінде мыңға жуық адам тұр. Оның ішінде 145-і әйел.
Пробация қызметкерлері пробациялық бақылау белгіленген адамдарды есепке алынған күннен бастап сот жүктеген міндеттерді орындау, жаза өтеу тәртібін бұзбау туралы түсіндірме жүргізеді. Егер бірнеше рет құқық бұзушылық жасаған жағдайда пробация қызметі тарапынан сотқа ұсыныс келтіретінін жеткізді. Жуырда тағы бір әйел Қызылорда қалалық пробация есебіне алынды. Пробация қызметінің инспекторы Ж.Исмайлова сотталған әйелді қабылдап, сот жүктеген міндеттері мен жаза өтеудің тәртібін түсіндірді. Ол ҚР ҚК-нің 106-бабымен 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған. Түзеу мекемесінде жазасының жартысын өтеп, сот қаулысымен жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырылып, 4 жыл мерзімге пробациялық бақылауға алынды.
Жадыра Исмайлова есепке алынған әйелге алдағы уақытта құқық бұзушылық жасамау керектігін, уақытылы пробация қызметіне тіркелуге келуге, пробация қызметінің рұқсатынсыз басқа облыстарға шықпауға және күнделікті пробация қызметкерлері мекенжайынан тексеру жұмыстарын жүргізетіндігін жеткізді.
– Жыл басынан прбациялық бақылауда жүрген екі азаматша сот жүктеген міндеттерді орындамай, қайта қылмыс жасаған. Екі азаматшаға қатысты іс-құжаттар жинақталып, сотқа ұсыныс жолданды. Сот шешімімен жазасының өтелмеген бөліктері бірінің 1 жыл 5 ай, екіншісі 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, түзеу мекемесіне жіберілді. Пробация есебінде тұрып, мемлекет тарапынан көмектер алып, кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп жатқан азаматтар да бар. Жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастырып, құқықтық, психологиялық көмекті қажет ететін тұлғаларға көмек көрсетіп, қайта қылмыстың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргіземіз, – дейді қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары Гүлнұр Байсариева.