Қызылорда облысында өткен кеңесте учаскелік полиция инспекторларының жұмыс нәтижелері қаралды
Қызылорда облысында өткен кеңесте учаскелік полиция инспекторларының жұмыс нәтижелері қаралды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысының прокуроры Р.Ожаровтың төрағалығымен үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. “Учаскелік полиция инспекторлары тәртіптің күзетінде” тақырыбында өткен кеңесте учаскелік полиция инспекторларының жұмыс нәтижелері қаралды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында “Заң мен тәртіп” қағидатын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, оны қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында белсенді түрде ілгерілетуді міндеттеді.
Ішкі істер министрі Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында 2025 жылды “Профилактика жылы: Полиция Заң мен тәртіптің күзетінде” деп жариялап, барлық өңірде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен қылмыспен күресті күшейтуді тапсырды.
Осы ретте жыл басынан Полиция департаментінің тиісті құрылымдарымен жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде облыста құқық бұзушылықтың тіркелуі - 7,2 пайызға, оның ішінде онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар, мал ұрлығы және бұзақылық қылмыстары төмендеді. Қоғамдық орындарда, көшелерде, мас күйінде жасалған жасалған қылмыстардың саны азайды.
Қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу профилактикасының қоғамдық қауіпсіздік саласындағы “Мүлдем төзбеушілік” қағидатының басым бағыттары бойынша құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстары 14,8 пайызға артты.
Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстардың алдын алу бағытында отбасы жанжалынан жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз үшін 1639 қорғау нұсқамасы шығарылса, полиция органдарының ұсынысы негізінде 531 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді.
Алкогольдік жағдайында жасалатын қылмыстардың алдын алу бағытында Қызылорда облысы полиция департаментінің бастамасымен елді мекендерде прокуратура өкілдері, ауыл ақсақалдары, белсенді жастар, дін өкілдері мен ауылдық округ әкімдерімен бірлесе отырып, кәсіптік нысан иелеріне алкогольдің зияны мен салдары түсіндіріліп, нәтижесінде облыстағы 12 елді мекен алкогольден бас тартып, “Арақсыз ауыл” атанды. Атап айтсақ, Арал ауданында Сазды, Қосжар, Жаңақұрылыс, Қазалы ауданында Ажар, Қармақшы ауданында Иіркөл, Жалағаш ауданында Таң, Еңбек, Сырдария ауданында Жетікөл, Шиелі ауданында Жиделіарық, Жаңақорған ауданында Қосүйеңкі, Манап, Өзгент елді мекендері.
Бүгінде өңірде учаскелік полиция инспекторларының өздеріне жүктелген міндеттерін сапалы атқару нәтижесінде қылмыс мүлде тіркелмеген 43 қылмыссыз ауыл бар. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейтудің және азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударып, әр учаскелік инспектордың жауапты көзқарасы құқық тәртібін нығайтуда елеулі нәтиже.
Ел тыныштығын сақтауда учаскелік полиция инспекторларының қызметі мен міндеті қай уақытта болмасын жауапты. Бекітілген қызмет көрсететін аймақтарында қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайтын учаскелік полиция инспекторларының жұмысы жан – жақтылықты талап етеді. Себебі, халықтың полицияға деген сенімі учаскелік полиция инспекторларынан бастау алады. Әрбір әкімшілік аумақ тұрғындары өздерінің учаскелік полиция инспекторларын білуге, оларға сенім артуға құқылы. Бүгінде өңірімізде 255 учаскелік полиция инспекторы және 38 көмекшісі қызмет атқарады. Олар құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізеді.
Кеңес соңында учаскелік полиция инспекторлары жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар айтылды.