Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында ПД бастығы үздік қызметкерлерді марапаттады

Қызылорда облысында ПД бастығы ерлік көрсеткен және чемпион атанған үздік қызметкерлерді марапаттады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Спорт - полицейлердің кәсіби қызметінің маңызды бөлігі. Ол ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдына қойылған міндеттерін табысты орындауға және жұмысқа жоғары қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді. Осыны ескере отырып, Қызылорда облысы полиция департаментімен дене шынықтыру және спортқа ерекше көңіл бөлінеді.

Бүгінгі күні Қызылорда облысының полиция департаментінде спорттық түрлі дәрежелері бар қызметкерлер еңбек етеді. Қызметімен қатар спортты кәсіби деңгейде алып жүрген полицейлердің әрқайсысы құрметке лайық.
Осы орайда бүгін Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов үздік атанған мықты спортшы полицейлерді марапаттады.

Осы жылғы 21-24 мамыр аралығында Үндістанның астанасы Дели қаласында әйелдер арасында белбеу күресінен Азия чемпионаты өткен болатын. Аталған байрақты бәсекеге қатысқан Қызылорда облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы Арайлым Оразбай жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанып, абыроймен оралды.

Сонымен қатар 21-25 мамыр аралығында Алматы облысы Қонаев қаласында “тапанша” және “карабин” түрлері бойынша Қазақстан Республикасының кубогі өтті. Аталған сайыста жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері Лаура Төлекова І орынға, ал полиция подполковнигі Бақыткүл Самратова ІІ орынға қол жеткізді.

— Қызмет пен спортты қатар алып жүрген әріптестеріміз қандай да болмасын марапатқа лайық және қызметке жаңадан қабылданып жатқан жас мамандарымызға үлгі болуы қажет. Бұл чемпиондарымызға алдағы уақытта да үлкен жетістіктер, төзімділік пен жеңіске деген ерік – жігер тілеймін! Отбасыларыңызға ырыс-несібе, дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге абырой, толағай табыстар мен жаңа жеңістер тілеймін. Біз әріптестерміздің жеңістерімен мақтанамыз, — деп, лебізін білдірді департамент бастығы С. Ергешов.

Сонымен қатар бүгінгі шара барысында департамент бастығы екі адамның өмірін құтқарған полиция қызметкерлерін марапаттады. Қызметтік міндеттерін адал атқарып, өзгенің өмірін құтқару кезінде жедел әрекет етіп, батылдық танытқан тәртіп сақшылары марапат төрінен көрінді.

Қызылорда облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полицейі Әділхан Уәлихан “Қызылорда су торабы” объектісінде қызмет атқару барысында Сырдария өзеніне секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақшы болған азаматшаны жедел әрекет жасап, аман алып қалды.

Бұдан бөлек Қызылорда қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторлары полиция аға лейтенанты Айдархан Кенжебекұлы және полиция лейтенанты Шыңғыс Жалғасбай асылып, өз-өзіне қол жұмсамақшы болған азаматты жедел әрекет жасап құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Серік Жүрсінбайұлы бейбіт күнде ерлік көрсеткен полицейлерге марапаттарын табыстап, адам өмірін құтқарып қалу үшін жедел шешім қабылдап, дер кезінде көмекке барып, батылдық жасаған қызметкерлерімізге қандай құрмет көрсетілсе де жарасатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру