Қызылорда облысында пиротехникалық отшашуларды пайдаланудағы қауіпсіздік шаралары түсіндірілді
Қызылорда облысында пиротехникалық отшашуларды пайдаланудағы қауіпсіздік шаралары түсіндірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл қарсаңында әр шаңырақ мерекелік көңіл-күйге бөленіп, түрлі-түсті отшашулар мен жарқылдаған фейерверктердің әсемдігімен ерекше әрленеді. Алайда пиротехникалық бұйымдарды дұрыс пайдаланбау қайғылы оқиғалар мен түрлі төтенше жағдайларға алып келуі мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Осыған орай, Қызылордада сала мамандары тұрғындарға пиротехника құралдарын қолданудағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жаңа жыл қарсаңында адамдардың өмірі мен денсаулығын, мүлікті және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шараларды қолға алады. Олардың қатарында пиротехниканы дұрыс қолдану арқылы өрттің алдын алу және жарақаттануды болдырмау шараларын атап өткен жөн.
– Қазіргі таңда облыс бойынша 523 жаңа жылдық іс-шара өтетін нысан анықталып, олардың барлығында өрт қауіпсіздігі талаптары тексерілуде. Нәтижесінде, 119 бұзушылық анықталып, оларды жою бойынша нақты тапсырмалар берілді. Қажеттілігіне қарай кейбір нысандарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Сонымен бірге мейрамханалар мен кафелерде қауіпсіздік талаптары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ең бастысы, пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде нұсқаулықты мұқият оқып, фитильді қауіпсіз қашықтықта тұтату және бұйымдарды бөлмеде пайдаланбау қажет. Қолда тұтатып, жақын арада тұрған адамға бағыттауға қатаң тыйым салынады, – деп мәлімдеді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбеков.
Облыстық полиция департаменті мен төтенше жағдайлар қызметі бірлесіп, 5 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Оның мақсаты – пиротехникалық бұйымдарды сақтау, сатып алу және тасымалдау ережелерінің сақталуын қадағалау.
– Профилактикалық шара барысында сертификатталмаған өнімдерді жеткізушілерді анықтап, олардан келетін қауіптің алдын алу басты назарда. Базарлар мен ірі сауда орталықтарында рейдтер жүргізілуде. Нәтижесінде 12 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 254 дана пиротехникалық бұйым тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, – деді Қызылорда облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұркен Бақтияров.
Жаңа жыл мерекесі тек қуанышқа толы болуы үшін пиротехникалық бұйымдарды қолдануда барынша сақ болыңыз. Ереже – қауіпсіздіктің кепілі екенін ұмытпаңыз!