Қызылорда облысында полицейлер ауыл тұрғындарына арнап патриоттық концерт өткізді
Қызылордалық полицейлер Нағи Ілиясов ауылында патриоттық концерт өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан полициясы күніне орай Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері Сырдария ауданының Нағи Ілиясов атындағы ауылында ашық аспан астында патриоттық концерт ұйымдастырды.
Шараның негізгі мақсаты – полиция қызметінің маңызын дәріптеу, қоғамдағы тәртіп сақшыларының рөлін айқындау және тұрғындар арасында патриотизм мен бірлік сезімін арттыру болды. Кеш барысында форма киген өнерпаздар жүрек тебірентер патриоттық әндерді орындап, ауыл тұрғындарына рухани серпіліс сыйлады.
Полицейлер тығыз қызметтік кестеге қарамастан, концертке мұқият дайындалып келгендерін көрсетті. Ән мен сөз арқылы олар халықпен бірлікте екенін, ел тыныштығын күзетумен қатар рухани құндылықтарды да насихаттауға дайын екенін дәлелдеді.
Концерт барысында сөз сөйлеген Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров:
– Биыл Қазақстан полициясына 33 жыл толып отыр. Полиция – тек құқық қорғау органы ғана емес, халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін қоғамның сенімді тірегі. Біз үшін тұрғындардың амандығы, тыныштығы – басты міндет. Қауіпсіз қоғамды бірге қалыптастырамыз, – деп атап өтті.
Ауыл тұрғындары концертке белсене қатысып, тәртіп сақшыларына жылы лебіздерін білдірді. Кеш шын мәнінде ерекше әсер қалдырды: рухани байлықты насихаттап, жас ұрпаққа отансүйгіштік сезімін дарытуға бағытталған бұл бастама көптің көңілінен шықты.