Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында полицейлер интернет-алаяқтықпен күрес бойынша дәріс оқыды

Қызылорда облысында полицейлер интернет-алаяқтықпен күрес бойынша дәріс оқыды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін Қызылорда облысы полиция департаментінің киберпол басқармасының қызметкерлері Қызылорда медициналық жоғары колледжінің студенттеріне дәріс оқыды. Полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткізілген бүгінгі шараға 150-ден астам студент қатысты. “Киберпол” қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу және күрес жолдары туралы түсіндірді. Дәріс барысында интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен алаяқтардың қолданатын әдістері туралы ақпарат берілді. Алаяқтардың құрбанына айналмауы үшін қандай сақтық шараларын қолдану қажеттігі де кеңінен айтылып өтті.

Сонымен қатар бүгінгі дәріс барысында “дроппер” тақырыбына ерекше назар аударылды. Қазіргі заманда ақпараттық технологиялар кеңінен дамып, онымен бірге киберқылмыстар да артып келеді.

Киберқылмыстардың бірі — қаржы қылмыстарына қатысы бар “дроппер” атты тұлғалар мен бағдарламалардың пайдаланылуы.
Дроппер — бұл киберқылмыстық топтардың тапсырмасын орындайтын, заңсыз ақшаны қабылдап, оны басқа шоттарға аударумен немесе қолма-қол шешумен айналысатын адам. Көбінесе олар "құқық бұзушы ақша тасушы" ретінде әрекет етеді. Дроппердің әрекеті, жалған жұмысқа орналасу арқылы “қашықтан табыс табу” ұсыныстарын алады. Өз атына банк карталарын ашады немесе бар шоттарды пайдаланады. Қылмыстық жолмен келген ақшаны қабылдап, басқа адамдарға аударады немесе қолма-қол ақшаға айналдырады. Бұл әрекеті үшін аздаған сыйақы алады (5–20%).
Дропперлер киберқылмыстарға көмектесуші ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осы және өзге де маңызды ақпараттарды студенттер қызыға тыңдап, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Жалпы бүгінгі күні киберқылмыспен күрес — құқық қорғау органдары үшін күн тәртібінен түспейтін жұмыс бағыттарының бірі. Қызылордада полицейлер бұл мақсатта тұрақты негізде ескерту жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру