Қызылорда облысында полицейлер оқыту семинарына қатысты
Қызылорда облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен аймақтық есірткіге қарсы кеңес мүшелері оқыту семинарына қатысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Семинар Zoom платформасы арқылы “телекөпір” форматында, еліміздің жетекші наркологтарының қатысуымен ұйымдастырылды. Семинардың тақырыбы — “Есірткі тұтынудағы заманауи үрдістер: жаңа сын-қатерлер мен алдын алудағы тәсілдер”. Іс-шара барысында мамандар еліміздегі есірткі тұтыну жағдайындағы өзекті өзгерістерді талқылады. Негізгі мәселелердің бірі — есірткіні тұтынуда синтетикалық стимуляторларға қарай бетбұрыс.
— Егер біз есірткі тұтынудың алдын алу тиімді болсын десек, онда бұл мәселеге көзқарасымызды өзгертіп, бүгінгі күннің шындығын ескеріп, жастармен жұмыс істеудің жаңа әдістерін әзірлеуіміз керек, — деді семинар ұйымдастырушыларының бірі.
Іс-шара бағдарламасында дәрістер, пікірталастар және практикалық ұсыныстар жасалды. Бұл семинарға қатысушыларға бүгінгі сын-қатерлерді терең түсініп, өз өңірлерінде есірткі тұтынудың алдын алудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруға көмектесті.