Қызылорда облысында полицейлер заңсыз аңшылықтың 105 дерегін анықтады
Қызылорда облысында "Браконьер" іс-шарасы барысында полицейлер заңсыз аңшылықтың 105 дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында 20 қазан мен 19 қараша аралығында өткізіліп жатқан республикалық "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында табиғатты қорғау, сондай-ақ заңсыз аңшылықтың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Шара барысында полиция қызметкерлері аңшылықпен айналысатын азаматтардың атыс қарулары мен рұқсат құжаттарын мұқият тексеріп, құқық бұзушылықтардың жолын кесуге басымдық берді.
Қызылорда облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы жүргізген жұмыстар нәтижесінде 3 қылмыстық іс қозғалып, 105 құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар заңсыз айналымнан 12 қару тәркіленді.
Қазіргі таңда аталған деректер бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, заңға сәйкес шаралар қабылдануда.
Полиция тұрғындарды аңшылық және қару айналымы саласындағы заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Табиғатты қорғау – әр азаматтың борышы.
