Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында полицейлер жыл басынан бері 300-ге жуық ұрыны құрықтады

Қызылорда облысында полицейлер жыл басынан бері 299 ұрыны құрықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысында ұрлықпен күрес қарқынды жүргізіліп, жыл басынан бері 299 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл шаралар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Ұрлықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарылған шаралардың нәтижесінде, 2024 жылдың 11 айында облыс бойынша ұрлық қылмыстарының саны 28,3%-ға төмендеді.

Соның ішінде пәтер ұрлықтары – 8,3%-ға, мал ұрлығы – 50,8%-ға, телефон ұрлықтары – 31,9%-ға қысқарды.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұрлық қылмыстарының ашылу көрсеткіші 13,6%-ға, пәтер ұрлықтарының ашылу деңгейі 19,7%-ға, телефон ұрлықтарының ашылуы 13,6%-ға артты.

Полицейлер ұрлық жасағаны үшін 299 азаматты құрықтап, олардың ішінде пәтер ұрлықтарын жасаған 35, мал ұрлаған 18 адамды анықтап, барлығы 357 қылмыстық істі сотқа жолдады.

Полицейлер пәтер иелері кооперативтері мен жеке күзет ұйымдарымен бірлесіп, көпқабатты және жеке тұрғын үйлерді бейнебақылау камералары мен дабыл жүйелерімен жабдықтаудың тиімділігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағыттағы шаралар пәтер ұрлықтарының алдын алуға бағытталған.

Мал ұрлығын болдырмау мақсатында белгіленбеген жайылымдарда қараусыз жүрген мал иелеріне қатысты 1275 әкімшілік шара қолданылды. Ветеринария қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырылған рейдтер барысында 427 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 161 дерек мал немесе ет өнімдерін заңсыз тасымалдаумен байланысты.

Облыстағы мал базарлары мен күре жолдардағы бақылау-рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Ет өнімдерін сататын орындар да қатаң бақылауға алынған.

Қызылорда полицейлері алдағы уақытта да қоғамдық тәртіпті нығайту және ұрлыққа қарсы күресті күшейту жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру