Қызылорда облысында полиция еріктілермен бірігіп есірткі жарнамаларын жойды
Қызылорда облысында полиция еріктілермен бірігіп есірткі жарнамаларын жойды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысының полиция департаменті "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында алға қойылған міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету, елімізде заң үстемдігі мен әділдікті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

1 ақпанда Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен, "Жастар рухы" жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының еріктілерімен бірлесіп, Қызылорда қаласында есірткі граффити жазбаларын жоюға бағытталған рейдтік іс-шара өткізілді.
Іс-шара барысында тұрғын үйлердің қабырғаларында, қоршаулар мен қоғамдық орындарда бұрын тіркелген қылмыстық істерге қатысты заңсыз салынған есірткі жарнамасы бар 20-ға жуық жазу өшірілді.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – есірткінің заңсыз айналымының алдын алу, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ қоғамды зиянды ақпараттан қорғау.
Полиция азаматтарды есірткіге қатысты кез келген күмәнді ақпаратты немесе заңсыз жарнама белгілерін байқаған жағдайда дереу полиция органдарына хабарлауға шақырады.
