Қызылорда облысында полиция қызметіндегі цифрлық жобалардың тиімділігі талқыланды
Қызылорда облысында полиция қызметіндегі цифрлық жобалардың тиімділігі талқыланды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылордада полиция қызметін цифрландыруға арналған еркін форматтағы кездесу өткізілді. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Сабит Ибадулла Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің жас ғалымдарымен кездесіп, “AI саласында ғылыми зерттеу” тақырыбында пікірлесті.
Басқосу мақсаты – жас зерттеушілерге жасанды интеллект саласындағы ғылыми бағыттарды таныстырып, зерттеу тақырыбын дұрыс таңдауға, ізденісті нәтижелі жүргізуге әдістемелік бағдар беру. Семинар бағдарламасы аясында AI-дің теориялық негіздерінен бастап, оны құқық қорғау, агроөнеркәсіп, білім беру, мемлекеттік басқару мен стартаптарда қолдану жолдары айтылды.
Бүгінгі күні ІІМ полиция қызметін цифрландыруды жан-жақты дамытуда. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстарды жедел ашуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде полиция қызметкерлері жол жүрісі қағидаларын автоматты тіркеу жүйелерін, бейнебақылау камераларын, дрондарды, кеудеге тағылатын тіркегіштерді белсенді қолданып келеді. Тергеушілер мен анықтаушылар қылмыстық істерді, ал учаскелік полиция инспекторлары хаттамаларды электрондық форматта жүргізеді.
— Полицейлердің міндеті – цифрландыруды адамдардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде ұтымды пайдалану. Цифрлық шешімдерді қолдану азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша полиция жұмысының тиімділігін арттырмақ, — дейді Сабит Ибадулла.
Семинар барысында департамент басшысының орынбасары “Заң және тәртіп” қағидатын орнықтыру, кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік иммунитетін енгізудің өзектілігі жоғары екенін тілге тиек етті.
Бүгінгі күні қоғамда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысқа қарсы күресті күшейту, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және есірткі қылмысына қарсы күрес мәселесіне ерекше назар көңіл бөлінуде. Бұл ретте полиция қызметкерлері жастардың құқықтық сауаттылығын, құқықтық мәдениетін арттыру бағытында түрлі форматтағы іс-шараларды ұйымдастыруда.