Қызылорда облысында пробация есебіндегі азамат гір көтеруден жүлделі орын алды
Қызылорда облысында пробация есебіндегі азамат гір көтеруден жүлделі орын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалағаш ауданында «Наркескен» спорттық клубының ұйымдастыруымен өткізілген спорттық шараға пробация есебіндегі сотталғандар қатысты.
Жарыс спорттың гір көтеру, қол күрес түрлерінен өтті. Жарысқа есептегі 15 сотталған қатысты. Қол күреске білек күші мықты сотталғандар қатысып, жарыс көркін қыздырды. Қызықты да тартысты өткен жарыста жеңімпаздар анықталып, ұйымдастырушылардың алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
– Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Бала кезімнен спортты жаныма серік еткенмін. Мәдени-спорттық шараларға жиі қатысып тұрамын. Бүгінгі жарыста қарсыластарым да осал болмады. 16 келі гір тасын 23 рет көтеріп, жарыс қорытындысымен жүлделі орын алдым. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деді есептегі азамат.
Мұндай спорттық шараларға сотталған азаматтарды жиі қатыстыру, олардың салауатты өмір салтын ұстанып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түзелу жолына түсуіне тигізер септігі мол.