Қызылорда облысында пробация есебіндегі азаматтар ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті
Қызылорда облысында пробация есебіндегі азаматтар ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Арал аудандық пробация қызметі есебіндегі сотталғандардың арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттау әрі олардың бос уақытын пайдалы ұйымдастыру мақсатында жарыс ұйымдастырылды. Іс-шараны аудандық жұмыспен қамту бөлімі, аудандық прокуратура және пробация қызметі бірлесе өткізді.
Жарыс барысында қатысушылар қой көтеру және асық ату спорт түрлерінен бақ сынады. Қой көтеру сайысында пробация есебіндегі азамат ерекше табандылық танытып, қойды 41 рет көтеріп, бірінші орынды иеленді. Жеңімпазға жүлде ретінде қой табысталды.
Сонымен бірге қазақтың дәстүрлі асық ату ойынында да қатысушылар өз ептіліктері мен шапшаңдықтарын көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Белсене қатысқан азаматтар алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
– Осындай шаралар біз үшін өте маңызды. Бізге қоғамға қайта бейімделуге, өз-өзімізді дамытып, спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді. Пробация қызметінің қолдауын сезгенде, болашаққа деген сеніміміз артады. Бүгінгі жеңіс маған үлкен мотивация болды. Қателік жасаған адам түзелуге мүмкіндігі бар екенін дәлелдегім келеді, – деді жүлдегер.
