Қызылорда облысында пробация есебіндегі сотталған жүзуден жеңімпаз атанды
Жалағаш ауданында жүзуден өткен жарыста пробация есебіндегі азамат жеңімпаз атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл жарыс Жалағаш ауданының дене шынықтыру тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі мен аудандық жабық бассейннің ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» ұранымен өткізілді. Мақсат – мекемелер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорттың маңыздылығын көрсету және жастарды дұрыс жолға бағыттау.
Жарысқа аудандық пробация есебінде тұрған 10 азамат өтініш білдіріп, олардың үшеуі қатысуға мүмкіндік алды. Бұл азаматтар жарысқа қатысып, қатысушылар арасында өз шапшаңдығы мен ептілігімен көзге түскен бір азамат жеңіске жетті.
– Жүзу — денсаулыққа өте пайдалы спорт түрі. Бала күнімнен бері бұл спортқа қызығушылығым ерекше. Қазір аудан орталығында тұратындықтан, жабық бассейнге жиі келіп жаттығамын. Бүгінгі жарыста жеңіске жеткенім — сол еңбектің нәтижесі. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді есептегі азамат.
– Пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеу үшін жүйелі жұмыстар атқарудамыз. Құқықтық, әлеуметтік көмектер, спорттық және мәдени шараларға қатыстырамыз. Спортпен шұғылдану олардың психологиялық жағдайын жақсартып, өмірге деген көзқарасын өзгертеді, – дейді аудандық пробация қызметінің инспекторы Еркін Оразалыұлы.