Қызылорда облысында пробация қызметі үш жақты меморандумға қол қойды
Қызылорда облысында пробация қызметі үш жақты меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Қармақшы аудандық пробация қызметі мен Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығы және “Qadam QarmaQshy” қоғамдық бірлестігі пробация қызметінің есебінде тұрған қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түрлеріне сотталған азаматтармен жүйелі жұмыстар жүргізіп, жан-жақты толыққан тұлға болып қалыптасуына септігін тигізетін үш жақты ынтымақтастық меморандумға қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты — пробация қызметінің есебінде тұрған жастардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерін құрметтей отырып, олардың түзелу жолына түсуіне қажетті жағдайлар жасап, атап айтқанда білім алуда, мамандықты меңгеруде, жұмысқа орналасуда, емделуде және де олардың жазаларды атқару кезінде жеке басының әлеуметтік, құқықтық және өзге де қорғалуын қамтамасыз ету.
— Аудандық пробация есебіндегі тұратын азаматтар арасында 20 сотталған 35 жасқа дейінгі жастар. Алдағы уақытта осы меморандум аясында шаралар өткізетін боламыз. Сотталғандармен жүргізілген шаралар олардың мінез-құлқының оң бағытта қалыптасуына ықпал етіп, қоғам алдында түзелуіне көмек берері анық, — дейді аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Жақсыбек Жүнісов.
