Қызылорда облысында пробация есебіндегі азаматтарға құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді
Жалағашта пробация есебіндегі азаматтарға кешенді көмек көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Жалағаш аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған азаматтар мен "Жігер" қоғамдық бірлестігінің өкілдері арасында әлеуметтік маңызды кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – есептегі азаматтарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету арқылы олардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесу және қайта әлеуметтенуіне жол ашу.
Кездесу барысында қоғамдық бірлестіктің мамандары қатысушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында кең көлемді ақпарат ұсынып, өмірлік қиындықтардан шығу жолдарын түсіндіріп, психологиялық көмек көрсетті. Сондай-ақ жеке кәсіппен айналысу мүмкіндіктері, мемлекет тарапынан берілетін қолдау түрлері мен гранттық бағдарламалар жөнінде нақты мәліметтер берілді.
Шараға қатысқан азаматтар мұндай кездесулердің маңызы зор екенін айтып, болашаққа сеніммен қарауға көмектесетінін жеткізді.
– Бүгін өз кәсібімді ашу жөнінде маңызды ақпараттар алдым. Көрсетілген құқықтық көмек көптен бері мазалаған сұрақтарыма жауап берді. Осындай қолдауға мұқтаж жандар аз емес, ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деді пробация есебіндегі қатысушының бірі.
Жалағаш аудандық пробация қызметі бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынын атап өтті. Бұл бастама – қоғамнан шет қалған азаматтарды ортаға қайта тартудың тиімді тетігі.