Қызылорда облысында пробация қызметінің есебіндегі сотталғандар жұмысқа қабылданды
Қызылорда облысында пробация қызметінің есебіндегі сотталғандар жұмысқа қабылданды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Пробация қызметкерлері есепке алынған сотталғандардың қайта қылмысқа бармауы үшін оларды жұмысқа орналастыруды басты назарда ұстайды. Осы орайда Жалағаш аудандық прокуратурасы, Жалағаш ауданының мансап орталығы, әлеуметтік қызмет көрсету орталығы және аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен мансап орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Жәрменкеге аудандық пробация қызметінің есебіндегі 8 сотталған жұмыс іздеуші ретінде қатысты. Нәтижесінде екі азамат жұмыс тауып, жолдама алды. Оның біреуі дәнекерлеуші, екіншісі жұмысшы болып қабылданды.
– Бүгінгі жәрмеңкеге жұмыс іздеп келіп едім. Өзіме қолайлы жұмыс таптым. Ендігі жерде адал еңбек етіп, балаларыма жақсы тәрбие беремін. Бүгінгі шарадан жұмыс тауып жатқан азаматтарды байқадым. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деді есептегі азамат.
Пробация қызметі есепте тұрған сотталғандардың қайта қылмысқа бармауы үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік- құқықтық, заңгерлік, медициналық, психологиялық көмектер көрсетеді
– Жеке кәсіп ашамын деген сотталғандарға да құқықтық көмек көрсетіп, арнайы курстарға оқытуға ықпал жасаймыз. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жұмысссыз тұлғаларды міндетті түрде қатыстырамыз. Жыл басынан аудандық және қалалық пробация есебіндегі 149 сотталған жұмысқа орналастырылды. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрғандарды жұмыспен қамту мақсатында Қызылорда қаласы және аудандық әкімдіктердің жұмыс орындарына квота бекітілген. Есептегі жұмыссыз 50 сотталған квотамен жұмысқа орналасты. Пробация есебіндегі азаматтар арасында жеке кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп отырған азаматтар да бар, – деді пробация қызметтеріне басшылық жасау тобының бас маманы Ғаламат Құлманов.