Қызылорда облысында пробация қызметкерлері әкімнің алғыс хатымен марапатталды
Жаңақорған ауданының пробация қызметкерлері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңақорған ауданының пробация қызметкерлері кәсіби міндеттерін адал атқарып, қоғамның игілігіне қосқан үлестері үшін аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Бұл құрметке пробация қызметінің инспекторлары Әсеи Мұратбаев Әсет пен Ринат Серікбай Ринат сондай-ақ құжаттамашы Гүлжанар Сәкенқызы лайық деп танылды.
Марапаттау рәсімінде аудан әкімдігі пробация қызметінің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Аудан басшылығы пробация қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен адалдығы аймақ тұрғындарының сеніміне ие екенін ерекше атап көрсетті.
– Сіздердің кәсібиліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен адал қызметтеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Бұл алғысхаттар – сіздердің еңбектеріңіздің жоғары бағасы, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы.
Өз кезегінде марапат иегерлері көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да өз міндеттерін абыроймен атқара беретіндіктеріне уәде етті.
Бұл марапат пробация қызметкерлерінің қоғамдағы маңызды рөлін тағы бір мәрте дәлелдеп, олардың еңбегін елеп-ескерудің жарқын үлгісі болды.