Қызылорда облысында ҚАЖД мекемесіндегі кірпіш шығаратын кәсіпорында 50-ге жуық сотталған еңбек етеді
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесіндегі кірпіш шығаратын кәсіпорында 50-ге жуық сотталған еңбек етеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №60 түзеу мекемесінің өндірістік аймағында күйдірілген кірпіш шығаратын кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл — ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие өнім.
Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес, сотталғандарды еңбекпен қамту – қылмыстық-атқару жүйесі қызметінің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Бүгінде №60 мекемеде 13 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, олардың қатарында 50-ге жуық сотталған еңбек ететін кірпіш өндірісі де бар.
Аталған өндірістік орынға жазасын өтеушілер өз еркімен келеді. I және II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алатындықтан, жұмысқа тартылмайды. Сол сияқты зейнет жасына жеткен азаматтар да еңбекке қабылданбайды.
– Қалған барлық азаматтарды мүмкіндігінше жұмыспен қамтуға тырысамыз, – дейді сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Айдана Абдреймова.
Жұмысшылардың бірі – А. есімді азамат. Ол сот үкімі шыққанға дейін тұрақты жұмыспен қамтылмаған. Қазіргі таңда кірпіш күйдіру процесіне қатысып жүр.
– Мен үшін еңбек — аса маңызды. Себебі жұмыс барысында кері ойлар мен жағымсыз эмоциялардан арыламын. Ең бастысы — уақытымды пайдалы іске жұмсап, өзіме де, қоғамға да пайда әкелемін. Бүгін кірпіш күйдіру жұмысын тәмамдадым. Атқарған еңбегімнің нәтижесін көзбен көру – үлкен қуаныш. Мен өз жұмысымды сүйіп істеймін, – дейді ол.
Жазасын өтеушілер үшін еңбек – тек күнкөріс көзі ғана емес, сонымен қатар бостандыққа бастар жол.