Қызылорда облысында ҚАЖД қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде жиын өтті
Қызылорда облысында ҚАЖД қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде жиын өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 37 мекемесінде қызмет атқаратын жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заңдылықты сақтау және қызметтік әдеп талаптарын орындау мәселелеріне арналған түсіндірме іс-шара ұйымдастырылды.
Жиынға ҚАЖ департаментінің өзіндік қауіпсіздік тобының аға жедел уәкілі Серік Жоламанов және жеке құраммен жұмыс жөніндегі топтың бас маманы Әлішер Беркінбеков қатысып, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу тетіктері, сондай-ақ заң талаптарын бұзудың салдары туралы кеңінен ақпарат берді.
— Сыбайлас жемқорлық — қоғам дамуына айтарлықтай кедергі келтіретін қауіпті құбылыс. Мемлекеттік қызметкердің басты міндеті – адал еңбек етіп, халық сенімін ақтау, — деп атап өтті Серік Жоламанов.
Басқосу барысында жеке құрамның күнделікті тұрмыстағы тәртібі де назардан тыс қалмады. Әсіресе жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Қызметкерлерге көлік жүргізу кезінде қауіпсіздік белдігін тағу, жылдамдықты асырмау, қарсы жолаққа шықпау және телефон пайдаланбау қажеттігі түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, қарапайым талаптарды орындау тек әкімшілік айыппұлдан сақтап қана қоймай, ең бастысы – адам өмірін қорғаудың кепілі болып табылады.
Сонымен қатар жиында қоғамда кең таралған әлеуметтік мәселелердің бірі — құмар ойынға тәуелділік (лудомания) тақырыбы да сөз болды. Лудоманияның жеке адамның ғана емес, оның отбасы мен қызметтік міндеттеріне де айтарлықтай зиян тигізетіні атап өтілді.
Жиын соңында қатысушыларға қызметтік әдепті қатаң сақтау, қоғам алдында үлгі болу, заң талаптарын бұлжытпай орындау және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне жол бермеу қажеттілігі баса айтылды.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті мұндай шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізуді көздеп отыр.