Қызылорда облысында қылмыс деңгейі төмендеді
Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы онлайн режимде облыс тұрғындарына есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Ермахан Абдраманов облыс тұрғындары алдында есептік кездесу өткізді. Ол жыл басынан атқарылған жұмыстың нәтижесі сараланған есептік кездесу барысында тікелей эфирде тұрғындармен тілдесіп, олардың сұрақтары мен толғандырған мәселелері бойынша жауап берді.
Халық алдында есеп беру кездесуін Е.Абдраманов ашып, қылмыстық ахуал мен қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыс туралы айтып өтті. Облыс көлемінде қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыс саны төмендеп, қылмыстық ахуалдың тұрақты екендігін сөз етті.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау мемлекеттің ұдайы назарында екендігін мәлімдеп, тәртіп сақшыларына азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуді міндеттеді. Осы ретте, Мемлекет басшысы қойған міндеттердің сапалы орындалуына, елімізде заң үстемдігі мен әділдікті сақтауда үздіксіз жұмыс жүргізіліп жатыр.
– Қылмысқа қарсы күрес және құқық тәртібін қамтамасыз ету ісінде оң көрсеткіштерге қол жеткіздік. 10 мың халыққа шаққанда қылмыс деңгейі республикада 66 бірлікті құраса, облыста бұл көрсеткіш 34-ті құрап, ахуалы тұрақты аймақтардың біріміз. Сонымен қатар қылмыстың тіркелуінің төмендеу тенденциясы қалыптасты. Айта кетсек, осы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысымен жалпы құқық бұзушылықтың тіркелуі 6% азайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатын іске асыру бағытында атқарылған жұмыс нәтижесінде республика бойынша облысымыз полицияға сенімнің ең жоғары көрсеткішіне ие болды. Әлеуметтік зерттеулер облыс тұрғындарының77 пайызы біздің полицияға сенім артатынын көрсетті. Бұл көрсеткіш сіздердің бізге берген бағаларыңыз, сонымен қатар біздің табаңды еңбегіміздің нәтижесі деп білеміз. Халық игілігі үшін атқарған қызметімізге баға бергендеріңізге баршаңызға ризашылығымызды білдіреміз. Біз жүктелген міндетті орындауға бар күш-жігерімізді саламыз, – деді департамент бастығының міндетін атқарушы.
Ермахан Абдраманов азаматтардың сауалдарын, толғандырған мәселелерін мұқият зерделеп, жақын арада шешуге тырысатынын жеткізді. Халықпен кері байланысты тиімді орнатуға бағытталған шара барысында ниет білдірген әр азамат өзін қызықтырған сауалын қойып, тиянақты жауап ала алды. Тұрғындардан түскен сұрақтардың бағыты саналуан. Бастысы – ешбір сауал назардан тыс қалмады.
Департамент бастығының міндетін атқарушы Ермахан Абдраманов тікелей эфир барысында түскен арыз-шағымдар мен сұрақтарды жіті назарға алып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Барлық өтініш пен ұсыныстарды қатаң бақылауға алды.