Қызылорда облысында шомылу маусымына байланысты үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр
Қызылорда облысында балалар арасында суға түсу маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтау мақсатында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Су айдындарында кәмелетке толмағандар арасында суға түсу барысында қауіпсіздік ережелерін сақтау мақсатында полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен бірлесіп рейдтік іс-шара ұйымдастыруда. Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасында суға кету деректерін алдын алу мақсатында жергілікті атқару органдары және қоғам белсенділерін тарта отырып үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу.
Осы жылы балалардың сәтсіз жағдайға ұшырап, суға бату салдарынан қайтыс болудың 10 дерегі тіркелген. Олардың 5-уі суға шомылу кезінде суға батып кетсе, 4-уі үй жанындағы арықтарға абайсызда құлап кетіп қайтыс болған. Ал 1-уі үй ауласындағы бассейінге түсу барысында суға тұңшығып қалған.
Осыған орай, қала аймағындағы жаз мезгілінде көпшілік демалатын орындарда жағажай және балалардың көп шоғырланатын жерлерде қоғамдық тәртіпті сақтау мен суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, тек қана белгіленген орындарда суға түсу жөнінде тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, балалардың қауіпсіздігі туралы ата-аналарға және балаларға арналған “Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері” туралы жадынамалар таратылды.
Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы “Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу” дерегі анықталған жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.