Қызылорда облысында сирек кездесетін балықты аулағандар ұсталды
Қызылорда облысында сирек кездесетін балықты аулағандар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында 1 желтоқсаннан бастап облыс көлемінде «Киік» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара барысында Қызылорда облысы Полиция департаментінің Шиелі аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторларымен 5 желтоқсанда түнгі уақытта Бидайкөл-Иіркөл тас жолында ВАЗ-2121 автокөлігі тоқтатылды.
Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан бір дана аккумулятор, екі қапқа салынған 15 дана әртүрлі балық, оның ішінде қаяз – сирек кездесетін балық алынып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Жүргізуші мен жолаушысы Шиелі АПб-не жеткізіліп, ІІО келу туралы міндеттеме алынды.
– Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабының 3-бөлігінің 1-тармағына сәйкес (Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне,сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануарларға, оның ішінде бекіре тұқымдас балық түрлеріне қатысты заңсыз алу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде, – деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре.