Қызылорда облысында сотталғандар мәжбүрлі еңбек арқылы қоғамға бейімделіп жатыр
Арал ауданында 65 сотталған азамат мәжбүрлі еңбекке тартылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде Арал аудандық пробация қызметінің есебінде 65 азамат тіркелген. Барлығы да сот үкімімен тағайындалған жазасына қосымша 100 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылған. Олар жергілікті атқарушы органдар бекіткен мекемелерде күніне 4 сағаттан қоғамдық жұмыстарды атқаруда.
Пробация қызметінің инспекторы Ерболат Жарасовтың айтуынша, есепте тұрған азаматтардың еңбек міндеттемелерін толық әрі уақытылы орындауы тұрақты түрде бақыланып отырады.
— Біз сотталған азаматтардың мәжбүрлі еңбекке қатысуын үнемі тексеріп, олардың атқаратын жұмыстарының сапасына да мән береміз. Қазіргі таңда есепте тұрған азаматтар қоғамға пайдалы істермен айналысып, өздеріне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындауда. Бұл — тек жаза өтеу емес, сонымен қатар олардың түзеліп, қоғамға қайта бейімделуіне берілген мүмкіндік, — деді инспектор.
Мәжбүрлі еңбекке тартылған азаматтар қоғамдық орындарды абаттандыру, тазалау және жөндеу жұмыстарын атқара отырып, өздеріне жүктелген жауапкершілікті терең сезінуге, еңбекке құрметпен қарауға дағдылануда. Мұндай қоғамдық жұмыстар оларды тәрбиелеу құралы ретінде оң әсерін беріп, болашақта құқық бұзушылықтан аулақ болуға ықпал етеді.
Пробация қызметі тарапынан сот үкімімен тартылған азаматтардың еңбекті дұрыс әрі тиімді орындауы алдағы уақытта да қатаң бақылауда болады.