Қызылорда облысында сотталғандар онлайн оқу курстарын игеруге ниет білдірді
Қызылорда облысында сотталғандар онлайн оқу курстарын игеруге ниет білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінде сотталғандарды еңбекке баулу және қайта әлеуметтендіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мекемеге мансап орталығының мамандары келіп, сотталғандарға еліміздің еңбек ресурстары порталы — "skills.enbek.kz" онлайн-платформасы туралы түсіндірме кездесу өткізді. Мамандар платформада ұсынылатын мамандықтар, оқыту сағаттары және онлайн форматта білім алу мүмкіндіктері жөнінде толық ақпарат берді.
Нәтижесінде 20 сотталған азамат онлайн оқу курстарын игеруге ниет білдірді. Жазасын өтеушілер онлайн сабақтарға қатысып, тест тапсырып, сертификат алуға мүмкіндік алады. Аталған жоба сотталғандардың еңбек дағдыларын жетілдіруге, босатылғаннан кейін қоғам мен еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған.
— Біздің мақсат – сотталғандарды босатылғаннан кейін қоғамға бейімдеп, өз еңбегімен өмір сүруге ынталандыру. Осындай онлайн-оқыту жобалары олардың кәсіби біліктілігін арттырып, жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтеді, — деді сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының аға инспекторы Саягүл Кенжеғұлова.
Онлайн-оқуға қатысуға ниет білдірген сотталғандардың бірі де өз пікірін білдірді.
— Бұл мүмкіндік бізге жаңа бағыттар мен мамандықтарды үйренуге жол ашады. Ертеңгі күні бостандыққа шыққанда, еңбек етіп, қоғамға пайда тигізуге сенімді бола аламыз, — деді ол.
