Қызылорда облысында телефон ұрлаған азамат мәжбүрлі еңбекке тартылды
Қызылорда облысында телефон ұрлаған азамат мәжбүрлі еңбекке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ә. есімді азамат Шиелі аудандық орталық мешіт ішінен ұйықтап жатқан найып имамның телефонын жасырын жымқырып кеткен. Сол үшін полиция қызметкерлерімен ұсталып, пробация қызметінің есебіне алынған. Яғни, Шиелі аудандық соты ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен оны кінәлі деп танып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады және жергілікті атқарушы орган айқындайтын орында жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекті атқаруды міндеттеген.
Аудандық пробация қызметіне алынған соң, пробация инспекторлары оған жаза өтеу тәртібі мен сот жүктеген міндеттерін толық түсіндірді. Қазір бұл азамат жергілікті әкімдік белгілеген қоғамдық орындарда абаттандыру, көшелерді тазалау сынды жұмыстарды атқарып жүр.
– Қазіргі таңда кент әкімдігі айқындаған орындарда күніне төрт сағаттан мәжбүрлі еңбегімді атқарып жүрмін. Бұның өзі маған берілген бір мүмкіндік отбасымның қасындамын, бас бостандығым өзімде, ендігі кезекте соттың жүктеген міндеттерін бұлжытпай орындап, пробация қызметінің қойған заңды талаптарына бағынып, жазамды адал өтеп, болашақ ұрпағыма жақсы тәрбие қалдыруым керек, – деді есептегі азамат.