Қызылорда облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 1455 азамат жазаланды
Қазіргі уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Себебі қоғамда болып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Осыған орай Қызылорда облысында полиция қызметкерлері қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті жұмыстарды атқарып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа заңнама шеңберінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері бойынша 113 қылмыстық іс тіркелді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін 1455 құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен, яғни отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін жазаға тартылса, жеті тұлғаның құжаттары жинақталып, ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабына сәйкес қарау үшін сотқа жолданды.
Сондай-ақ отбасы-тұрмыстық саласында құқық бұзушылыққа жол берген 1930 азаматқа қатысты қорғау нұсқамасы шығарылса, қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған 452 тұлғаға қатысты мінезіне ерекше талаптар белгіленді.
Қызылорда облысында әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғаумен айналысатын мемлекеттік емес ұйымның жанынан ашылған “Қамқорлық”, “Жан”, “Ана Үйі” дағдарыс орталықтары жұмыс жасауда. Бұл қоғамдық қорлар Қызылорда облысы полиция департаментімен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Орталыққа зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе салдарынан кейінгі әйелдерді бейімдеу мақсатында жатқызылады.
Бүгінгі күні әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр.