Қызылорда облысында үздік жасақ бастығы іріктелді
Қызылорда облысында үздік жасақ бастығы іріктелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті “Үздік жасақ бастығы“ байқауының ІІ-кезеңін қорытындылады. Аталмыш шараға ЗК-169/1 мекемесінен Нұрсұлтан Ниязов, ЗК-169/4 мекемесінен Бауыржан Саметов, ЗК-169/5 мекемесінен Шыңғыс Досжанов қатысып, аймақ абыройын қорғайтын ең белсенді, шығармашыл, еңбекқор жасақ бастығы анықталды.
Тәртіп сақшыларының қоғамдағы имиджін артыруды мақсат еткен байқауда үміткерлер, медициналық көмек, дене шынықтыру дайындығы, тәрбие беру ісі жөніндегі бейнероликтерін көрсетіп, елдегі құқық бұзушылықтарға төтеп беру шеберліктерін паш етті.
Ел тыныштығы мен жазасын өтеушілердің тәрбиесіне жауап беретін азаматтар арасындағы сайыс қорытындысымен ЗК-169/5 мекемесінің жасақ бастығы Шыңғыс Досжанов жүзден жүйрік атанып, Қостанай қаласында өтетін республикалық сайысқа жолдама алды.
– Біз сотталушылардың тәрбиесіне жауаптымыз. Айыпталушылар түрлі жағдайлармен түседі. Және әр қайсысының ой-санасы әртүрлі. Оларға дұрыс бағыт беріп, қателіктерін ұғындыру біздің басты міндет. Бүгінгі сайысқа жақсы дайындалдым. Енді республикалық сайыстың жеңісінен үміттіміз деді, – ЗК-169/5 мекемесінің жасақ бастығы, І-орын иегері Шыңғыс Досжанов.